2026 жылғы 1 мамырда Шаған өзені бойында, Орал қаласында, жобалық атауы Р4240 «Д. Қонаев» болатын, толық су сыйымдылығы шамамен 750 тоннаны құрайтын көпфункционалды қосалқы жабдықтау кемесі суға түсірілді.
Оралдағы «Зенит» зауыты ұжымы үшін бұл оқиға маңызды өндірістік белес әрі инженерлер, дәнекерлеушілер, конструкторлар, монтажшылар және өндірістік бөлімшелердің қызметкерлері секілді жүздеген маманның айлар бойғы жүйелі еңбегінің нақты нәтижесі болды.
Кемені суға түсіру - кеме жасаудағы аса жауапты кезеңдердің бірі. Оның негізінде күрделі инженерлік есептеулер, орындаудағы жоғары дәлдік және кәсіпорын ұжымының үйлесімді әрі кәсіби жұмысы жатыр.
Жаңа Р4240 жобасындағы кеме Қазақстан Республикасы күштік құрылымдарының бірі үшін әмбебап көпфункционалды платформа ретінде әзірленді. Жоба пайдалану міндеттерінің кең ауқымын және Каспий теңізі акваториясындағы қызмет ерекшеліктерін ескере отырып жобаланған.
Кеменің конструкциялық шешімдері оны күрделі гидрометеорологиялық және навигациялық жағдайларда пайдалануға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қалыңдығы 0,6-0,8 метрге дейінгі бір жылдық сирек мұз қабатында өздігінен жүзуге, сондай-ақ одан жұқалау мұз жағдайында кемелер мен катерлерге ілесіп жүруге бейімделген.
Кеменің функционалдық мүмкіндіктері теңіз жағдайында жанар-жағармай материалдарын, тұщы суды, азық-түлікті және кемелердің, су көліктері мен катерлердің үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге қажетті өзге де құрғақ әрі сұйық жүктерді жеткізуге және тиеп беруге жол ашады.
Сонымен қатар, жаңа кеменің авариялық-құтқару әлеуеті айрықша маңызға ие. Жоба оны апатқа ұшыраған кемелерге көмек көрсетуге, өрт ошақтарын жоюға, судағы құтқару операцияларын жүргізуге және экипаж мүшелерін медициналық эвакуациялауға пайдалануды көздейді. Осындай кешенді сипаттамалар бұл жобаны көліктік-логистикалық және құтқару міндеттерін үйлестірген әмбебап инженерлік шешім деңгейіне көтереді.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Оралдағы «Зенит» зауытының отандық әскери кеме жасаудағы көшбасшы кәсіпорын ретіндегі жоғары технологиялық және өндірістік әлеуетін, сондай-ақ елдің қорғаныс қабілетін нығайту мен Қазақстанның теңіз инфрақұрылымын дамытуға қосып отырған елеулі үлесін айқын көрсетеді.
«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ зауыт ұжымын кеменің сәтті суға түсірілуімен құттықтап, ауқымды әрі стратегиялық маңызы зор жобаларды іске асыру жолында толағай табыс тілейді.